Қосымша семестр

Қосымша семестр жылына екі рет өткізіледі: қысқы каникул кезеңінде (1 қаңтардан бастап, бірақ 1 ақпаннан кешіктірмей), жазғы демалыс кезеңінде (1 маусымнан бастап, бірақ 1 шілдеден кешіктірмей).

Қосымша семестр кезінде ақылы негізде академиялық қарыз, академиялық айырмашылықты жою, оқу пәндерін қайта немесе қосымша оқу және кредиттерді игеру келесі студенттер категориясына беріледі:

  • курс бағдарламасын толық көлемде орындаған, бірақ GPA белгіленген ауысу балын ала алмаған;
  • белгіленген ауыстыру балын жинаған, бірақ академиялық қарызы немесе академиялық айырмашылығы бар;
  • түрлі себептермен қосымша курс бағдарламасын игеруге ниет білдірген (атап айтқанда басқа мамандыққа көшу немесе магистратураға түсу үшін).

Қосымша семестр кезінде студентке жоюға рұқсат етілетін кредиттер саны 9-дан аспауы тиіс.

«Қазіргі Қазақстан тарихы» мемлекеттік емтихан бойынша академиялық қарызы бар білім алушылар сол пәнді қосымша семестрде қайта оқып, ағымдық және кезеңдік бақылау талаптарын орындай отыра, «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәні бойынша мемлекеттік емтиханға жіберіледі және Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының жұмысы кезінде оны тапсырады (қысқы, жазғы сессия).

Қосымша семестрде 1 кредиттің құны ректордың бұйрығымен әр оқу жылына бекітіледі.

Қосымша семестрдің белгіленген төлем сомасына сәйкес, білім алушы қосымша семестрде оқу пәннің атауын және кредит сандарын көрсете отыра, ректордың атына өтініш жазып, оқу ақысын төлейді және қосымша білім беру қызметтерін көрсету шартын ресімдейді.

Қосымша семестрде оқу үшін оқытушыларды іріктеу жеке өтініш негізінде жүргізіледі. Сонымен бірге қарызы бар студентке теориялық білім беру кезеңінде (күзгі/көктемгі семестр) пәнді өткізген оқытушының сабақ беруіне жол берілмейді.

Емтихандар оқытудың теориялық курсын аяқтағаннан және аралық бақылау балдарын алғаннан кейін соңғы үш күн ішінде қосымша семестрдің соңғы аптасында өткізіледі. Қосымша семестр кезінде оқыған пәндер бойынша емтихандарды қайта тапсыруға жол берілмейді.