Талапкерлерге Білім алушыларға Оқытушыларға Кафедра меңгерушілеріне Декандарға Электронды ректорат Documentolog Қаз Рус Eng
Жатақханаға орналасуға өтінім беру
"Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті"
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Үлкейтілген

Университетте еңбек ресурстарының дамуы талқыланды

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен М. Қозыбаев университетінде «Қазақстан өңірлерінде еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, облыстағы ірі кәсіпорындардың, оқу орындарының өкілдері, студенттер, «Серпін» бағдарламасына қатысушылары жиналды.Сенат Төрағасы еңбек ресурстарын дамыту мәселелерін талқылады. Өз сөзінде, жастарды жұмыспен қамту, аймақтардың дамуы үшін білікті мамандар даярлау мен еңбек мәдениетін қалыптастырудың рөлін ерекше атап өтті. 

«Қазіргі таңда елімізге техникалық кадрлар: инженерлер, су шаруашылығы мамандары, агрономдар, мал дәрігерлері қажет. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл еліміз үшін өте маңызды. СҚО ауыл шаруашылығы өндіріс және экспорт саласында ерекше орын алады. Осы бағытты қарқынды дамыту үшін қосымша еңбек ресурстарына сұраныс жоғары болмақ. Сол себепті осы мәселеге үлкен мән беруіміз қажет»,-деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгінде техникалық мамандарға сұраныс артып келеді және алдағы жылдары оларға деген қажеттілік шамамен бір миллион адамды құрайды. Біздің университет техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша, соның ішінде Аризона университетімен бірлескен қос дипломдық бағдарламалар арқылы оқытуды ұсынады. Соның нәтижесінде, бізде Қазақстанның барлық аймақтарынан және шетелдерден студенттер білім алып жатыр. Біз еңбек көші-қонын дамыту үшін жастармен жүйелі жұмыс жүргіземіз. Атап айтқанда, білім ордамызда «Серпін» бағдарламасының түлектеріне қолдау көрсету мақсатында «Серпін қолдау» орталығы құрылып, жұмысқа орналасқанға дейін әр студентпен жеке жұмыс жүргізілетін болады. Осы орайда, маңызды бастамалардың бірі: бағдарлама түлектерін алғашқы жылы жатақханамен қамтамасыз ету оларға баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Түлектерді дуальды оқытуды, тағылымдамадан өтуді және жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру үшін университет өңірдегі ірі жұмыс берушілермен 300-ден астам келісім-шарт жасасқан.

Шарада Педагогикалық факультетттің 4 курс студенті Аяулым Ералхан болашағына сенімді екенін айтты. «Мен Қозыбаев университетіне оқуға түскеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта, оқуымды аяқтағаннан кейін, университетімізде магистратураға түсуді жоспарлап отырмын. Қаламыздағы білікті мекемелердің бірінде жұмысқа тұруға ұсыныс түсті. Сондай-ақ, университет түлектерге арналған жатақханамен көмектеседі. Сондықтан, мен осында қалып, қызметімді жасауға дайынмын». 

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы университеттің мал және өсімдік өнімдерінің сапасын талдау саласындағы зертханаларымен танысып, Қозыбаев университетінің осы саладағы жетістіктеріне жоғары баға берді.

«Мұндағы зертханалар өте ерекше, өйткені олар өңірдегі шаруалар мен өнеркәсіп орындарына көмектесе алады. Сондықтан менің ойымша,сіздер зерттеулердің, әзірлемелердің, ғылыми жобалардың  нәтижесін облыс экономикасында тәжірибе арқылы қолданып келесіздер. Бұл университетттің бірден бір ерекшелігі. Мұндай тәсілді қолдаймыз »,- деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

Светлана Жақыпова өңірлер бойынша еңбек нарығының талдауын және мамандарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін ақпараттық платформаларды ұсынды.Пікір алмасу барысында кадрлар даярлау, олардың біліктілігін арттыру және еңбек көші-қоны бойынша ұсыныстар әзірленіп, жоғары тұрған органдарға жолданатын болады.

24.01.2025