Елордада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының баспасөз хатшылары үшін UniMediaX25 семинар-тренинг ұйымдастырды. Оған Kozybayev University Медиаорталығының бас редакторы Диана Халимова қатысты. Шара барысында қатысушылар медиа және коммуникация саласындағы жаңа әдістермен танысып, тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырды.
Семинардың ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баспасөз хатшыларының кәсіби деңгейін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Өйткені бұл қоғаммен өзара қарым-қатынасты жақсартып, БАҚ арқылы уақтылы және сенімді ақпаратты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, министр, Қазақстанның білім және ғылым саласындағы негізгі жетістіктері туралы айтып берді.
Оның аясында қатысушылар үшін заманауи медиа технологиялар бойынша оқыту өтті. Тренинг барысында «Аскер Медиа» ЖШС директоры Дамир Аспан төтенше жағдайларда журналистермен өзара байланыс құру құпияларымен бөлісті. PR-сарапшысы Әсел Серікпаева ұйымдардың көрнекілігі мен беделін арттыру үшін БАҚ мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын атады.
Іс-шараның екінші күні ҚР ЖБМ Қоғаммен байланыс департаментінің қызметкерлері қатысушыларды сапалы медиа-контент жасау әдістерімен, ЖОО-ның ресми сайттарымен жұмыс жасау және оқу орындарының баспасөз қызметіндегі жаңа мүмкіндіктерімен таныстырды.ҚР ЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасарлары Ақерке Абылайхан мен Жанна Есенбаева студент жастарды әлеуметтендірудің өзекті мәселелері және жоғары білім беру жүйесіндегі инновациялар бойынша пікірталас өткізді.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ баспасөз хатшылары білім және ғылым саласындағы БАҚ байланысын нығайту бойынша тәжірибе алмасты. Қатысушылар, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттік үйіне, Coventry University кампусына және Maqsut Narikbayev University-ге барды. Іс-шара сертификат табыстау рәсімімен аяқталды.