Біздің Қозыбаев университеті экологиялық бастамаларды белсенді түрде қолдайды және студенттердің қоршаған ортаға жауапкершілігін дамытуға ұмтылады. Осы мақсатпен білім алушылар «Raduga KDR» ЖШС-мен, AMANAT партиясының «Болашақ» филиалы бірлесіп, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында оқу корпустарында эко-бокстарды орнатты.Енді студенттер күн сайын тұтынатын түрлі сусындардан босаған пластикалық ыдыстарды сұрыптап, пайдаға жаратады. Сол үшін университет қабырғасында пэт-бөтелкелерді, қағаздарды, қалдықтарды жинауға арналған эко-қораптар орнатылды. Аталмыш акция экологиялық таза шешімдерді күнделікті өмірге енгізу үшін қалыптасқан. Қоқыс пен қалдықтарды дұрыс тұтыну және уақтылы өңдеуге беру нәтижесінде ағаш кесуді және қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Біз бұл жұмысты бір жыл бұрын бастадық. Орнатылған келісім-шарт аясында жиналған қалдықтарды «Радуга» ЖШС-не тапсырамыз. Сондықтан біздің мақсатымыз қоқыстарды жинап, реттеу. Осының арқасында қаржылай көмек беріледі. Кейін сол берілген қаражатты қалдықтарды өңдеуге жұмсайды. Қоқыстар қайта өңделіп кәдеге жарайды. Студенттерге мұндай қарқындағы шаралар ұнайды. Олар акцияның маңыздылығын түсініп,белсенді қатысуға ниет білдірді »,-деп бөлісті География және экология кафедрасының аға оқытушысы Асель Бектемирова.
Оқу ордамыздың студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері қоршаған ортаның таза болуына өз үлестерін қосты. Бір күндік іс-шара барысында 13 келіден аса қоқыс жиналды. «Таза Қазақстан» акциясы– экологиялық саналы қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бізге қосылыңыздар!