Біздің үздік спортшымыз, студент Никита Изотов алғаш рет кәсіпқой спортшылар арасындағы жеңіл атлетикадан Қазақстан қысқы Чемпионатының жеңімпазы атанды!
14-16 ақпан күндері Елордада өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар жиналды.Никита облысымыздың атынан қатысып, 800 метрге жүгіруде бақ сынады. Финалда ол 1.53,99 минут нәтижесімен жеке рекорд орнатып, жеңіске жетті! Осы жетістігінің арқасында ұлттық құраманың мүшесі болды!
Никита Изотов – «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының 4 курс студенті. Ол полиатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін жүлдегері, қысқы және жазғы президенттік көпсайыстардың чемпионы. Жеңіл атлетикада да тамаша нәтиже көрсетті!
Никитаның жаттықтырушысы дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Наумов Александр Владимирович. Алдағы уақытта спортшымыз Қазақстан мен Азия чемпионатына қатысатын болады. Никитаға зор денсаулық және жаңа жеңістер тілейміз!