М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған зал ашылды

Қарашаның 30 күні М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде салтанатты түрде Ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған зал ашылды. Салтанатты рәсімге университет ректоры Серік Өмірбайұлы бастауымен ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамы, облыстық Ардагерлер кеңесінің, әлеуметтің, СҚО ішкі саясат және тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының, Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев өзінің құттықтау сөзінде қазіргі Қазақстанның құрылуы және дамуындағы Елбасының рөлін атап өтті. Республика Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған «25 Жұлдызды күн» аясында ЖОО-да ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында студенттерге университет мұражайында кездесулер, дөңгелек үстелдер және конференциялар, авторлық өлеңдер байқауы өткізілді.

Лентаны кесу құқығы Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовке және Петропавл қаласының әкімі орынбасары Евгений Глотовқа берілді. Ескендір Елеусізов өз тарапынан осындай іс-шаралардың жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі зор маңызын атап өтті. Ол ЖОО-ның студенттеріне біздің мемлекетіміздің басшысынан үлгі алуға, оқуда жетістіктерге жетуге, өз Отанын шексіз беріліп сүюге, өз елінің беделді азаматы болуға шақырды.

Тұңғыш Президент залы конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа ресми кездесулерді өткізуге арналған жаңа орынға айналмақ. Мұнда әрбір қалаушы келе алады. Бұл жерде фильмдер көруге, Елбасы туралы кітаптар оқуға, оның еңбектерімен, қызметімен танысуға және еліміздің тарихы туралы көбірек білуге болады.

02.12.2016