Академик Мырзатай Серғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық семинар өтті

Студенттер қазақтың көрнекті перзенті Мырзатай Серғалиевтің еңбектерімен танысты. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде атақты академиктің өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық семинар өтті. Жиынға Лев Гумилиев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті мен Назарбаев атындағы университетінің профессорлары арнайы шақырылды.

Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Мырзатай Серғалиев – Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, әдебиет сыншысы және публицист. Дарынды тұлға 2011 жылы дүниеден озды. Содан бері Республика бойынша жыл сайын оның құрметіне арнайы оқулар ұйымдастырылып келеді. Мырзатай Серғалиев ондаған ғылым кандидаттарын, докторларын дайындаған педагог-ғалым. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан мемелекеттік университетінің оқытушылары профессор Жанар Таласпаева, доцент Күлбаршын Ибраева, Петропавл жоғары әскери институтының профессоры Ақмарал Жамитова  бар.

Ғалымның «Қазіргі қа­зақ әдеби тілі» оқу құралы, «Сөз тіркесі», «Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұ­тас­тық» тарау­ла­ры қазіргі оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жатыр. Академик 5 монография, 7 оқулық, 12 әдістемелік құ­рал, 400-ге тарта ғылыми мақала жа­­зып, артына көп еңбек қалдырған. Бүгінде ғалымның мұрасын дәріптеп жүрген жастардың саны аз емес. Олардың әрқайсысы Мырзатай Серғалиұлын өзінің ұстазы ретінде мақтан етеді.

18.03.2017