«Жастар және ғылым» атты конференция өтті

XXI ғасыр – заманауи технология мен ғылыми прогресстің кезеңі. Жаһандану дәуірінде ғалымдардың небір ғылыми-инновациялық өнертабыстары халық игілігіне жұмсалып, өз пайдасын табуда. Зерттеушілердің санын арттыру мен жастарды ынталандыру мақсатымен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде халықаралық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкiмдiгiнiң жастар саясаты мәселесi жөнiндегi басқарманың басшысы Ирина Тухватулина, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мұса Танақұлов және өзге тұлғалар қатысты. Конференцияны стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі университет проректоры Айдос Мұқатаев ашты. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастардың ғылымға деген қызығышулығын танытып, олардың жан-жақты зерттеушілік қабілеттерін дамытады.

Қазақстан және Ресей ғалымдары ғылым дамуына арналған өз баяндамаларын оқып, талқыға салды. Конференцияда барлығы екі жүз шақты мақала ұсынылған. Ғылыми зерттеулер алуан түрлі тақырыпта – сандық есептен бастап отандық тарихқа дейін қамтылды. Қарағанды «Болашақ» академиясының «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 3 курс студенті Фариза  Бүкенова өзінің дарындылық қабілетін қолдана отырып, «Ата-ана мен балабақша ынтымақтастығы» атты  баяндамасын көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша мұндай тақырып – заман талабына сай.

Конференция соңында халықаралық ғылыми-тәжірибелік сайысына қатысқан және ең үздік баяндама оқыған жас ғалымдар диплом мен алғыс хаттармен марапатталды.

14.04.2017