СҚМУ студенттері Елбасының мақаласын талқыға салды

Жастар басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқан болатын. Еліміз бәсекелі мемлекеттердің алдыңғы қатарына шығу үшін, осы ретте, жастардың сапалы білім алғаны маңызды. Осы орайда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Айдос Мұқатаев студенттермен кездесіп, аталмыш мақаланы кеңінен талқылады.

Мақаланың басты идеясы – біртұтас ұлт қалыптастыру және қоғамдық сананы өзгерту. Алдағы уақытта басты мақсат – әлем бойынша 30 бәсекелі мемлекеттердің қатарына кіру. Айдос Мұқатаев көзі ашық, көкірегі ояу жастарға Елбасының жаңа еңбегін мұқият зерттеп оқуға кеңес берді. Оның айтуынша, бұл мақалада Қазақстанның басты рухани құндылықтары көрініс тапқан.  

«Үш тілде білім беру» бағдарламасы – Қазақстан азаматтарын 21 ғасырдың талаптарында даярлаудың қамы», – деп Елбасы дөп басып айтқан. Бұл саясатқа немқұрайлы қарайтындар бар. Алайда, соның арқасында мыңдаған азамат шет мемлекеттерінде білім алып, өз деңгейін жетілдіруде. Жастар бұл үрдістің өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

18.04.2017