Студенттік өзін-өзі басқаруға арналған бірінші форум өтті

Білім ордамызда алғаш рет студенттік өзін-өзі басқаруға арналған форум өтті. Жиынға Солтүстік Қазақстан облысының қонақ үйлер және мейрамханалар қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин қатысқан. Ол студенттер арасында үкіметтік емес ұйымды қалай ашу керектігі жөнінде шеберлік сыныбын өткізіп, өзіндік даму бағыттарын нақтылап айтып берді. Ал психологиялық қызметтің үйлестірушісі Дмитрий Агапов жеке белсенділіктің кәсіпқойларға неліктен қажет екенін түсіндіріп, жастарға тізгінді қолға алуға кеңес берді.   

Айнар Сабитова, студенттік ректор:

– Бүгінгі конференцияға Петропавлдың колледж және университет студенттері қатысуда. Пленарлық отырыс екі бөлімнен тұрады: біріншісі – «Кәсіп бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қалай ашуға болады?» деген тақырыбында болса, екінші кезеңде қоғам және әлеумет бойынша шеберлік сыныптар өткізілді.

Жиын барысында студенттер тәжірибемен алмасып, жаңа идеялармен танысты. Жастар талғамына сай форумда түрлі шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Әркім өзіне қолдау тауып, тиісті сұрақтарын қойған.

Дарья Хмелькова, Петропавл темір жол көлігі колледжінің студенті:

– Мұндай кездесулер теориялық білімімізді нығайтып, болашақта мамандықпен анықталуға көмектеседі. Форум арқасында біз ерекше тұлғалармен танысып, мол тәжірибе алдық. Бизнес ашу – оңай сала емес. Алайда бүгінде ол қаржы жағынан тиімді. Шеберлік сыныптар бізді тек тәжірибе жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да көп нәрсе үйретті.

Облыстық мекемелер мен жоғары оқу орындарының бірлесе өткізген шаралары студенттерге тек қана қолдау көрсетіп қана қоймай, ынта-жігерін де арттырады. Білім ордамыз бұл ретте жастардың өзін-өзі басқаруға бағытталған жұмысын белсенді атқарды деп айтуға болады.

20.04.2017