СҚМУ-да «Жеңіс жолдарымен» атты өлеңдер сайысы өтті

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Ұлы Отан соғысына арналған «Жеңіс жолдарымен» атты облыстық байқау өтті. Дарынды жастарды «Жас Отан» ЖҚ Петропавлдық бөлімшесінің басшысы Қайроллаев Абылайхан, «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Ахметова Татьяна, педагогика ғылымының кандидаты Ғабдуллина Мақшай бағалаған. Студенттер мен мектеп оқушылары қатысқан өнер сынында қазылар алқасы тіл байлығына және өлеңді мәнерлеп оқуына баса назар аударды.

Қазақ мектеп гимназиясында білім алып жүрген Жайлаубай Ақжан өлеңдер сайысына алғаш рет қатысып отыр. Сабақтан бос уақытында оқушы кітапханаларға барып, жыр-шумақтарын жаттап жүреді. «Атым Ақжан болған соң, ақын Мағжандай болғым келеді», дейді.

Сайысқа жалпы 11 адам қатысты. Әркім мәнерлеп оқу өнерін көрсетіп,  ақындық шеберлігін ортаға салды. Қазылар алқасы сайыскерлердің дауыс мәнеріне, тіл байлығына қарай бағалады. Жеңімпаздар мен қатысушылар димломдар және алғыс хаттармен марапатталды.

28.04.2017