Зарқын Тайшыбай 75 жасқа толды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайға биыл 75 жыл. Осыған орай университетімізде «Журналистер даярлаудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы шараға Қазақстанның ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері, журналистері, университет профессорлары қатысқан. Жиын шырша отырғызу рәсімінен басталды. Бұл рәсім университемізде дәстүрге айналған. Саябақта ағаштардың бірнеше көшеті бар және әрбір талдың түбіне оны еккен профессорлар мен білім ордамызға келген құрметті қонақтарының есімдері жазылған. Бұл қатарға енді Зарқын ағамыздың шыршасы да қосылды.     

Конференция барысында журналистика ғалымдарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Студенттер журналистермен бетпе-бет кездесіп, өзекті сұрақтарын қойған. Содан соң отырыс пленарлық мәжіліспен жалғасты. Мұнда Зарқын Сыздықұлын қапысыз танитын замандастыры мен шәкірттері келген.

Зарқын Сыздықұлын құттықтау үшін конференцияға облыс әкімінің апарат басшысы, Қарқаралы ауданының әкімі, «Орталық Қазақстан» газетінің бар редакторы, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағат директоры және басқалары жиналған. Сонымен қатар білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ақпарат және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәжіліс депутаттары атынан құттықтау хаттары келген. Әрқайсысы жылы лебіздер білдіріп, профессорға жақсы тілектерін айтты.

Конференцияда Зарқын Тайшыбайдың «Атамнан қалған аманат», «Бабадан қалған байтағым» атты соңғы кітаптарының тұсау кесері өтті. Бүгінде ғалым түрлі тақырыптағы жиырма шақты кітап пен жинақтың авторы. Жазушының қаламынан туған монографиялар, құнды тарихи еңбектер мен ғылыми мақалалар мұрағат құжаттарын байытып, өте жоғары бағаланды. Қазіргі таңда Зарқын Тайшыбай «Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері»,  «Саңлақ авторы», «Қазақ тілінің жанашыры» және тағы басқа көптеген атақтарға ие. Осы күндері 75 жасқа толып отырған Зарқын ағамыз ғылыми ортада лайықты бағасын алған.

Еліміздің атақты журналистері мен қайраткерлердің басын қосқан бұл шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

12.05.2017