СҚМУ-да ІХ-шы жазғы Универсиада ойындары өтуде

ІХ-шы жазғы Универсиада – еліміздің  ең үздік спортшыларының басын қосқан дүбірлі дода. Биыл спорт ойындары студенттердің қатысуымен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырылды. Шараның ашылу рәсімі Стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі университет проректоры Айдос Мұқатаевтың құттықтау сөзінен басталды. Ол барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, жақсы ойын көрсетулеріне сенім білдірді. Содан соң салтанатты рәсім спортшыларды жігерлендіретін  ән-шашумен жалғасты.

Жарысқа Қазақстанның жеті қаласынан келген 136 студент қатысты. Әрбір университет құрамасы байрағын тік ұстап, спорттың бес түрінен бақ сынасқан. Спорттық жүзу жарыстары брасс, кеудемен және еркін стильде 50 метр қашықтық аралығында өткізілді. Ал жүгіруден ер балалар екі қашықтықта жарысса, қыздар мың метрге дейін күштерін сынаған. Сондай-ақ спорттың басқа түрлері де, оның ішінде оқ ату және снаряд лақтыру  қарастырылды.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің намысын қорғауға келген жас споршты Сымбат Назарғалиева – Азия чемпионатының қола жүлдегері. Оның айтуынша, қарсыластар өте мықты, сондықтан жеңуге бар күшін салмақ.

Универсиада бірнеше күнге жалғасады. Айта кетерлігі, биылғы ойындар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылып отыр.

16.05.2017