«Болашақ» бағдарламасына жаңа өзгерістер енгізілді

Университетімізде білім министрлігінің өкілдерімен кездесу өтті. Шараның мақсаты – талапкерлерді «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасымен таныстыру. Үкімет қызметкерлерінің сөзінше, шетелде білім алу үшін енді жаңа тәртіп енгізілетін болады. 2017 жылдан бастап талапкерлер Қазақстанда «Болашақ» мектептерінің негізінде ағылшын тілін тереңдете оқиды.

Самал Камарина, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ директоры:

– Бүгінгі кездесудің мақсаты – жастарға шетелде оқу мүмкіншіліктері жайлы айтып беру. Қазіргі таңда тек «Болашақ» стипендиясы арқылы ғана емес, өзге де мемлекет аралық грантпен оқуға түсуге болады. Алайда біз «Болашақ» бағдарламасына баса назар аудардық. Себебі биылғы жылдан бастап қосымша түзетулер мен өзгерістер енгізіледі. Құжаттарды қабылдау және байқаудан өту үшін енді жаңа талаптар қойылатын болады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы тағайындалған болатын. Бағдарлама аясында мыңдаған қазақстандық азамат шетелдік жоғары оқу орындарында сапалы білім алды. Бүгінгі кездесуге келген білім министрлігінің өкілдері халықаралық стипендияға үміткерлердің санын ұлғайту мақсатымен, насихат жүргізуде. Самал Камаринаның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген түлектердің 22 пайызы басшылық қызметтерін атқарады. Биыл үкіметтен 600 бюджеттік орын бөлінген, құжаттарды қабылдау 29 мамыр мен 15 қыркүйек аралығында өтеді.

Брифинг барысында студенттер «Болашақ» бағдарламасы, оқыту шарттары мен білім сапасы, жұмысқа орналасу келешегі туралы толғандырған сұрақтарын қойды. Халықаралық стипендияның иегері болу үшін, ең бастысы ағылшын тілін жоғары деңгейде білу қажет. Елге оралған түлектер Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеп, аймақтың дамуына үлес қосу керек.

19.05.2017