Жоғары медицина мектебінде студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті

2018 жылдың 4 желтоқсан күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің Жоғары медицина мектебінде студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. Бұл киелі қара шаңырағымыздың 80 жылдан астам тарихында жыл сайын өтетін мағынасы терең әрі ауқымды шаралардың бірі. Концерттік бағдарламаның шымылдығын СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев алғы сөзбен ашты. Оның сөзінше: биыл ашылып отырған факультетіміздің болашағы - жарқын, мақсаты -  айқын.

Бұдан соң қандастарын құттықтауға келген Үндістан елшілігінің екінші хатшысы Канагасабай Рамалингама өңірімізге, оқу ордамызға алғысын білдірді.  Атап өткен жөн, Жоғары медицина мектебінде 70-ке жуық шетел азаматтары білім алуда. Сол себепті  мерекелік шара үш тілде ұйымдастырылды.

Мерейлі концерт барысында ақ халаттыларға студенттік билет салтанатты түрде тапсырылды. Сахна төрінде үнді халқының әндері шырқалып, билері де биленді. Сондай-ақ, көрермендер иллюзионист сыйқыршының керемет өнерін тамашалай алды. Шара соңында студенттер болашақ дәрігерлердің құрметіне «Ақ халатты абзал жандар» әнін шырқады.

05.12.2018