Жаңа жылға арналған мерекелік концерт

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша  2018 жылдың 28 желтоқсан күні М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жалпы ұжым қызметкерлері, оқытушылары мен студенттеріне арналған жаңа жылдық концерт өткізілді.

Мерекелік шараны тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректордың м.а. Сабыр Ибраев ашты. Ол ұжымды алда келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Және оқу ордамыздың бірқатар оқытушылары мен студенттеріне номинациялар бойынша университет ректорының Құрмет грамоталарын табыс етті.

Атап айтқанда, «Жыл тәлімгері» атағы «Биология» кафедрасының меңгерушісі Владимир Вилковқа берілді. Ал «Жыл көшбасшысы» номинациясы Агротехнологиялық факультеттің деканы Алтын Шайхметоваға табысталды. «Математика және информатика» кафедрасының доценті Ирина Шмигирилова «Жыл ғалымы», тіл және әдебиет институтының директоры Елена Сабиева «Нәтижелі жетекшісі», «Биология» кафедрасының оқытушысы Константин Жадан «Жыл ашылымы» номинацияларына ие болды. Сондай-ақ, жиында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың әр факультеттің үздік  студенттері  мен студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары марапатталды.

Құттықтау және марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерт жалғасын тапты. Атап өту қажет, жаңа жылға орайластырылған шара «Шахерезаданың жаңа жылдық ертегісі» тақырыбында өтті. Театрланған қойылымда сұлтан, сұлтанның әйелдері, Шахерезада, уәзір басты рөлдерді сомдады. Сонымен қоса, кеште Аяз Ата мен Ақшақар барша қауымды жаңа жылмен құттықтап, ән шырқап, би биледі. Тағы бұл шараға өңірмізге танымал өнер адамдары қатысып, көрермендерге жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады.

Осылайша СҚМУ ұжымы келе жатқан 2019 жаңа жылды жақсы көңілмен  қарсы алды.  Барша ұжымға жаңа жылда жаңа табыстарға жете берулеріне, бұдан да әрі жоғары  ұйымшылдық пен белсенділік танытып, аман-сау болуларына тілектестік білдіреміз.  Келе жатқан Жаңа жылдарыңыз құтты болсын ағайын!

28.12.2018