М. Қозыбаев атындағы СҚМУ өңіріміздің талапкерлері үшін Ашық есік күні өтті

2019 жылдың 14-ші мамырда М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да Ашық есік күні өтті. Шараның бүгінгі қонақтары СҚО-ның Жамбыл, Уәлиханов,Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Ақжар, Айыртау, Тимирязев, М.Жұмабаев аудандарының, 150-ге жуық талапкерлері болды.

Оқу ордамыз жайында толық мәлімет алу үшін келген мектеп түлектеріне арналған іс-шара қызықты концерттік бағдарламамен басталды.  Өткізіліп жатқан  бұл  кездесудің  мақсаты – университет туралы толығырақ ақпарат беру. Болашақ студенттерге ғылым және инновация жөніндегі проректор Ақмарал Ибраева сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол талапкерлерге біздің университетті неліктен таңдау керектігі жайлы 10 себепті келтірді.

Үлкен сахнада СҚМУ Жайдарман құрамасының үздік ойыншыларының қатысуымен би батлы, қызықты байқаулар өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге университет белгісі бар сыйлықтар табыс етілді. Мектеп түлектері ЖОО жайлы пікірлерін ашық білдіріп, ерекше фотозонада суретке түсе алды. Олар өз фотоларын әлеуметтік желілерде #меніңтаңдауымсқму, #nkzuedu хештегімен бөлісті.  Ең көп лүпіл жинаған авторлар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ, жиын барысында әр факультет өз бөлімшелері туралы таныстырылымдар мен көрмелер өткізді. Онда факультет декандары мен оқытушылар мамандықтар туралы, білім алу үрдісі, студенттік өмір және басқа да көптеген сұрақтарды талқылады. Сонымен қоса, кездесу барысында қатысушылар өздері таңдаған мамандық туралы сауалнамалар толтырды.

Талапкерлер оқу ордамыздың білім беру бағдарламалары, жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау процедурасы туралы толық ақпаратпен қамтылды. Барлық жиылғандар көтеріңкі көңіл күймен өз аудандарына аттанды.

15.05.2019