Ақиық ақын М. Жұмабаевтың мерейтойына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

2019 жылы маусымның 25-сі М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да қазақтың ұлы ақыны, шебер аудармашы, публицист, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 126-жылдығына орай «Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы Ұлы Дала құндылықтары» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақ поэзиясында лирикалық сыршылдықтың шыңына лайық, поэмаларында суреткерлік пен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын– Мағжан Жұмабаев. Ақын 1893 жылы Қызылжар уезінің Сарыайғыр болысында дүниеге келген. Үлкен атасы Қажы атанған Жұмабай болса, өз әкесі Бекен де елге беделді, ауқатты, болыс болып ел тізгінін ұстаған жан. Алты Алаштың ұлы ақынның әкесі Бекен ақсақалдың зираты Қызылжар өңірінде орналасқан.

Өңіріміздің ұлы тұлғасының мерейтойына орайластырылған кездесуге Нұр – Сұлтан, Көкшетау және Өскемен қалаларынан өлкетанушы, филологтар мен СҚМУ-дың оқытушылары әрі студенттері мен ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтының білім алушылары ат салысты. Қатысушылар «Мен Жастарға сенемін», «Мағжан көсем сөзіндегі заман келбеті», «Мағжан Жұмабаев және Алаш арыстары» сынды тақырыпта өз баяндамаларын ұсынды.

Аталған Халықаралық конференция екі секция бойынша өтті. Жиын барысында Өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік тамаша қолтаңбасы бар ақынға арналып «Жырдың жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

25.06.2019