М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жас мамандарға диплом тапсырылды

Жоғары білімді мамандарды даярлайтын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ биыл өз түлектерін университет мәртебесінде шығарып отыр. Ағымдағы жылдың шілденің 1-5і аралығында, университетіміздің 8 факультетін бітірушілер көптен күткен дипломдарын қолға алды. Студенттерді марапаттау кеші әдеттегідей №1 оқу корпусының акт залында өтті. Жиынға СҚМУ-дың басшылары мен оқытушылар ұжымы, университет студенттері және олардың ата-аналары қатысты.

Шара барысында әрбір факультеттің деканы биылғы жыл М. Қозыбаев атындағы СҚМУ үшін аса елеулі оқиғаларға толы болғанын, әсіресе, университет дипломына ие болу түлектерге үлкен қуаныш сыйлап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, кеш барысында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев құттықтау сөз айтып, түлектерге ақ жол тіледі. Кейін, ол болашақ мамандарға дипломдарды салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан соң, қонақтарға арналған концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Университетіміздің студенттері ән айтып, мың бұралып би де биледі. Сонымен қоса, концерт бойы сахнадағы экраннан түлектердің 4 жыл көлемінде ЖОО болған қызықты сәттерде түскен суреттері көрсетілді.

Осы аптада университет бойынша барлығы 1679 студент пен 161 магистрантқа дипломдар табысталды.

Айта кету керек, соңғы жылдары оқу ордамыздағы студенттер санының өсуі университет үшін жағымды жаңалық. Қысқа мерзім аралығында ЖОО бірнеше мамандық бойынша докторантура ашылып отыр. Осының барлығы университет басшылығы мен ұстаздар қауымы атқарып жатқан жұмыстың жемісі.

05.07.2019