Педагог кадрларды қайта даярлау курстары өтті

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да қайта даярлау және біліктілікті арттыру институты базасында ұйымдастырылған Солтүстік Қазақстан облысының мектептері мен колледждерінің мұғалімдеріне арналған қашықтықтан қайта даярлау курстары аяқталды.

11-13 желтоқсан аралығында университетте қосымша білім берудің 13 білім беру бағдарламасы бойынша курс тыңдаушыларының жобалық жұмыстарын қорғау өтті. Бұл өзінің жоғары біліміне қосымша біліктілік алуды армандайтын мұғалімдер үшін қызықты және қуанышты сәттер болды.

Қорғау барысында педагогтар комиссияның назарына сабақ жобаларын ұсынды, тәжірибе алмасты және өз мамандығының мәселелерін талқылады. Қорытынды бойынша тыңдаушылар жақсы нәтижелер көрсетіп, қайта даярлау бағдарламасын зерделеу барысында алған бағаларын растады. Білім алушылар университет оқытушыларының шеберлігінің жоғары деңгейін атап өтіп, оларға алғыстарын білдірді.

Курс соңында 40 адам қайта даярлау бағдарламасын игерді. Барлық тыңдаушылар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа біліктілік бойынша жұмыс істеуге құқық беретін белгіленген үлгідегі куәліктер мен сертификаттар алды.

20.12.2019