Университетте оқушыларға арналған Ашық есік күні аяқталды. Айтып өткен жөн, оқу ордамыздың ұжымы 2 ай бойы кәсіптік бағдар беру шараларын өткізді. Осы уақыт ішінде қала мектептерінен, сондай-ақ, СҚО аудандарынан 2000-ға жуық оқушы жиналды. Бүгін Ашық есік күніне ҚР ҒЖБМ кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысты. Ол Басқарма Төрағасы– Ректор Ербол Исақаевпен бірге талапкерлермен кездесіп, ЖОО-да білім алудың келешегі туралы айтты.
«Біз СҚО мен Қазақстанның қалаларында болдық. ҚР ҒЖБ шетел университеттерімен 23 стратегиялық серіктестік орнатқан. 2025 жылға дейін осындай қосымша 11 серіктестік жоспарланған. Олардың аясында қос дипломдық бірлескен бағдарламалар іске қосылады. Сондай жобалардың бірі– М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университетінің ынтымақтастығы. Бұл студенттер үшін бірегей мүмкіндіктер ашады: АҚШ-та оқу, 2 диплом алу, грант бойынша тегін білім алу»,- деді Руслан Емелбаев.
Мектеп оқушылары университет факультеттерімен, зертханалық жабдықтармен, студенттік ұйымдармен, спорттық секциялармен танысты. Университеттік бейне шолу байқауында, қатысушылардың iPhone 16 Pro ұтып алу мүмкіндіктері бар. Кәсіптік бағдар беру аясында университетте жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың 10-11 сынып оқушылары арасында қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінен пәндік олимпиада өткізілді. Оған СҚО-ның 424 оқушысы қатысты.