Наурызда самарқанның көк тасы жібіп, табиғат жаңарып, жаңғырады. Бұл күн ынтымақтың, бірлік пен берекенің мерекесі. Аптаның басынан қазақша қамзол, шапан киген университет қызметкерлері мерекені қарсы алуға қызу дайындалды. Биыл Қозыбаев шаңырағы Наурыз мейрамын сән-салтанатпен университеттің бас алаңында тойлады. Орталық орындарға еңбек ардагерлері мен кафедралардың құрметті профессорларын жайғастырды. Ақ қанатты киіз үйлер тігілді. ЖОО ұжымы дастарханға 40 келіден астам бауырсақ пен 100 литр хош иісті наурыз-көже, бауырсақ сынды ұлттық тағамдарды тарту етті. Мерекелік думан қазақ халық этнофолькролық «Шертер» ансамблі орындауындағы күйімен ашылды.
Бүгін халқымыздың салты сақталып, дәстүрі дәріптелді. Мерекенің есте қаларлық сәті Басқарма Төрағасы-Ректор арнайы тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесіп, университет ұжымына ақжарма тілегін жеткізді: «Баршаңызды көктемгі жаңару мерекесімен құттықтаймын. Наурыз мейрамы аясында апталық өте жақсы өтті: түрлі іс-шаралар мен байқаулар өткізілді, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді, ыстық дастархан жайылды. Бүкіл ұжымымыздың атынан баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Әр отбасына амандық, береке, табыс тілеймін!»
Сондай-ақ, бұл күні атақты студентіміз, спортшы, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Әлем Чемпионы Ербол Хамитовқа оқу гранты берілді. Ұлттық ойындарда өз бақтарын сынауға асыққан білім алушылар тоғызқұмалақ, арқан тарту, бес асық сынды ойындарға қатысты. Көпшілік назарына білім ордамыздың өнер ұжымы мен жеке орындаушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекенің шырқын шабыттана, шарықтай салған әуендер, билер, ақ тілектер келтірді. Наурыз мерекесі баршаларыңызға құтты болсын! Ақ дастархандарыңызға молшылық,шаңырақтарыңызға бақыт тілейміз!