Талапкерлерге Білім алушыларға Оқытушыларға Кафедра меңгерушілеріне Декандарға Электронды ректорат Documentolog Қаз Рус Eng
Жатақханаға орналасуға өтінім беру
"Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті"
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Үлкейтілген

Евней Бөкетовтың туғанына 100 жыл

Биыл көрнекті ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Евней Арыстанұлы Бөкетовтың 100 жылдығына орай университетімізде бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Бүгінде қаламыздың көшелерінің біріне жерлесімізге арнап бюст орнатылған. Алдымен университет ұжымы мен қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, академиктің рухына тағзым етті. Игі шара Қозыбаев университетінде өткен «Жастар және ғылым-2025: заманауи сын-қатерлер мен оларды шешудің ғылыми тәсілдері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жалғасын тапты.

Шараға Қазақстан мен таяу шет елдерден 200-ден астам ғылыми жұмыстар келіп түсті. Салтанатты жиында Евней Бөкетовтың өмірі мен шығармашылығына арналған дәрісхана ашылып, оқу ордамыздың ғылыми кітапханасы көрме материалдарының тұсаукесерін өткізді. Бұл аудитория білім кеңістігі символына айналып, білім алушылар жазушының ғылыми жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Іс-шараға университет өкілдері, еңбек ардагерлері, Академик Е. Бөкетовтың туыстары, облыс жұртшылығы жиналды. Евней Бөкетов ғылымға, қазақ қоғамына адал қызмет еткен жан. Бұл күні оның өмірлік жолы мен шығармашылық мұрасы жайлы толғамды пікірлер айтылды.

Тума-туыстары жылы естеліктерімен бөлісті: «Өте дарынды, мінезі ұстамды кісі болатын. Ол  шындық пен әділетілікті ұстанған. Басшылық қызметте жүрген кезде өзінің ұжымы мен қызметкерлеріне ерекше сыйластық танытатын. Бізге ғылыммен айналысыңдар, ғылымды дамытуға үлестеріңді қосыңдар деген ағалық кеңестері әлі есімде», – атап өтті ғалымның туысы Нұрсұлу Бөкетова.

Ғұлама ғалым ел келешегі үшін қажырлы да нәтижелі еңбегінің арқасында металлургия және химия саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол ғылым мен әдебиетті қатар игерді: сирек металдардың химиялық технологиясы саласында бірқатар жаңалықтар ашып, елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға үлкен үлес қосты. Академиктің жолын қуып келе жатқан жастардың қатары артып келеді. Ғылым персонологиясы тұрғысынан ғылыми жоба үшін ЖОО студенті Аяжан Ілиясқа 50 мың теңге көлемінде шәкіртақы табысталды.

Сонымен қатар, Химия пәнінен студенттік олимпиаданың үш жеңімпазы жүлделермен марапатталды. Осы күні адал еңбегі, білім мен технологияларды дамытуға қосқан елеулі үлесі және Ғылым қызметкерлері күні мерекесіне орай СҚО әкімінің Құрмет грамоталарын 5 жас ғалым алды. Осындай марапатпен  «Ғылымдағы серпіліс: жас көшбасшылар» номинациясы бойынша 9 оқытушыға грамота табысталды. «Ғылымның болашағы: жас дарындар» номинациясында 13 студентіміз грамотамен марапатталды. Айтып өткен жөн, Евней Бөкетов қазақстандық білім мен ғылым тарихында терең із қалдырған дара тұлға.

09.04.2025