Бүгін Foundation факультетінің түлегі атанған жастар үшін аса қуанышты сәт! Қозыбаев қабырғасында өткен 9 ай дайындық сабақтары, жаңа орта мен таныстық –болашақ студенттік өмірге үлкен бастама сыйлады! Дайындық бөлімінің білім алушылары оқу ғимаратының бас алаңында аса күткен сертификаттарын алды.
Салтанатты кештің шымылдығын Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі Айгүл Нұрпеисова ашып, жүрекжарды лебізін білдірді: «Бүгін сіздер үшін ерекше атаулы күн. Үлкен өмірге қадам басқалы жатырсыздар. Еліміздің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Қозыбаев университетінің есігі сіздер үшін ашық. Білім ордамыз заманауи технологиялармен жабдықталған оқу үрдісін, жарқын студенттік өмір ұсынады. Біздің университетті таңдап, армандарға бірге жетейік. Болашақтарыңыз жарқын болсын!».
Биыл 50-ден аса ұлты қазақ шетел азаматтары ҰБТ-ға дайындық курстарын аяқтап, Foundation факультетінің түлектері атанды. Сондай-ақ, оқу жылының басынан бастап қоғамдық-мәдени және спорттық іс- шараларға белсене араласып жүрген 15 тыңдаушы марапатталды. Факультет бағдарламасы, шетел азаматтарына тілдік дағдыларды меңгеруге, Қазақстандағы мәдени орта мен өмір сүру жағдайларына тез бейімделуге ықпал етті.
Foundation факультетінің дайындық бөлімі қандастар үшін жоғары оқу орнына табысты түсу мен оқудың сенімді негізі! Өз оқуларын ойдағыдай аяқтаған тындаушылар, енді ҰБТ нәтижесіне қарай мемлекеттік білім беру грантына конкурстық негізде ҚР жоғарғы оқу орындарында білім алу құқығына ие болады.Сәт сапар тілейміз!