«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ СҚО ірі компаниялардың бірі. Ол энергия ресурстарын өндіруді, тасымалдауды және өткізуді жүзеге асырады. Қазақстанның Солтүстік, Орталық, Шығыс және Оңтүстік аймақтарын, сондай-ақ, республикадан тыс жерлерді электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Бас директор Анатолий Казановскийдің айтуынша, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ құрамына: «Петропавл ЖЭО-2», «СҚТЭК» АҚ, «Петропавл жылу желілері» ЖШС, «Севказэнергосбыт» ЖШС кіреді. Ұжымда 1100-ге жуық адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда жалақы мәселесі тұрақты, жас қызметкерлерге баспана беріледі, толық әлеуметтік пакет және еңбек заңнамасы бойынша барлық кепілдіктер сақталған. Кәсіпорын 500-ге жуық маманды жұмысқа алуға дайын.
Өңірдің энергетика саласы үшін инженерлік кадрларды дайындаудың негізі Қозыбаев университетінен басталады. Сондықтан осындай ынтымақтастықтың арқасында жоғары оқу орны мен «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ жаңа кезеңге шығады.
«Түлектеріміздің басым бөлігі сіздің кәсіпорында жұмыс істейді. Біз оларды мақтан тұтамыз.Қозыбаев университеті Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз көпсалалы жоғары оқу орны болып табылады. Алдымызда білім сапасын арттыру бойынша маңызды міндеттер тұр. Біздің білім беру бағдарламаларымыз саланың сұраныстарына сай болуы керек. Біз компанияның ғылыми қажеттіліктерін қанағаттандыратын бірлескен ғылыми жобаларға дайынбыз. Сіздің қызметкерлеріңізді бакалавриат, магистратура және өндірістік докторантура бағдарламалары бойынша даярлаймыз. Дуальды жүйе бойынша оқыту жүргізу мүмкін», - деді Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев.
Жақын арада бірлескен жоспарлар қатарында:
- ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеу;
- кәсіпорында электр энергетика және РЭТ кафедрасының бөлімін ашу;
- «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның 20-ға жуық қызметкері университетке дуальды жүйе бойынша оқуға түсуге ниетті. ЖОО оқу ақысына 15% жеңілдік беруге дайын;
- өңірлік кәсіптер картасының Атласы аясында серіктес компанияның қажеттіліктеріне сәйкес келетін білім беру бағдарламасын дайындауды іске қосу;
- кадрлардың біліктілігін арттыруды жүргізу: «колледж-жоғары оқу орны-кәсіпорын» бағыты бойынша жұмысты ұйымдастыру және оқытудың дуальды оқыту нысанын дамыту;
- университетте серіктес компанияның бірлескен брендтелген аудиториялары мен практикалық оқу алаңдарын ашу;
- облыстың ірі кәсіпорындарының қатысуымен Инжиниринг орталығын ашу;
- бірлескен қонақ дәрістері, оқу курстарын өткізу.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ басшылығына ынтымақтастық үшін алғыс айтамыз! Бірлескен мақсаттарды одан әрі іске асыруға үміттенеміз! Біз өз кезегімізде облысымыздың кадрлық әлеуетін нығайту бойынша жүйелі жұмысты құруға бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз.