Наурыз мейрамының жаршысы

Наурыз мерекесі қарсаңында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дәліздері мен оқу аудиториялары түрлі-түсті ұлттық киімдермен жайнады. Бұл күні ЖОО-ның оқытушылары, студенттері мен қызметкерлері сабаққа, жұмыс орындарына сәнді шапандар мен қамзолдар, сарафандар мен ұлттық нақышта кестеленген орыс көйлектерін киіп келді.

– Наурызды ерекше атап өту идеясы бізге студенттік активтің жиналысы барысында келді, - дейді студенттік өзін-өзі басқарудың көшбасшысы Айнар Сәбитова. – Интернет арқылы «Ұлттық киім» республикалық акциясын өткізу идеясымен біз өз жерлестерімізге ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлеріне де жүгіндік. Акцияның мәні – жұмысқа немесе оқуға ұлттық киімде келу немесе ең болмағанда ұлттық киім элементін (орамал, бас киім және т. б.) көрсету. Бұл біздің мәдениетімізге, ұлттық салт-дәстүрлерімізге деген құрмет. Бізді Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау, Павлодар қалаларының оқу орындары және қазіргі уақытта Анкара қаласында (Түркия) докторантурада оқитын Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары қолдады.

Студенттік бастама ересек және жас қазақстандықтарға ұнады. Қатал оқытушылар да, университеттің қарапайым қызметкерлері де өз жұмыс орындарына мерекелік киімде келді. Аталған акцияны, сондай-ақ, Петропавл қаласының мектептері мен колледждері қолдады.

Интернетте қазақстандықтар #ұлттық киім хэштэгімен суреттерін жүктеп бөлісуде. Акцияның идеялық шабыт берушілері, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың студенттері, бұл бастама жалғасын тауып, жақсы дәстүрге айналады деп үміттенуде.

17.03.2017