Білім ордамызда студенттер «Тәуелсіздік пен тыныштық күзетінде 25 жыл» атты концертін тамашалады

Қазақстан Республикасының құқықтық тәртіп әскеріне биыл 25 жыл. Бұл Ұлттық ұлан әскери институтының 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай білім ордамызда студенттер «Тәуелсіздік пен тыныштық күзетінде 25 жыл» атты концертін тамашалады. Арнайы кешке Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Сатов Мұхамедқали Құсайынұлы да келген. Салтанатты жиында ол Ішкі әскерлер құрылғаны жөнінде тарихтан сыр шертіп, жиналғандарды төл мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, бас қолбасшы әскерилердің патриоттық сезімін тәрбиелеуде белсенділік танытқаны үшін университет проректоры Айдос Мұқатаевты алғыс хатпен марапаттаған.

Концертке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Виктор Яшновский, оркестр дирижері Майор Шарш және өзге де тұлғалар қатысты. Соғыс туралы ән шырқалып, сұрапыл жылдарда қаза тапқан сарбаздарды көрермендер үнсіздікпен еске алды.

Отан, ел сүйгіштік туралы тамаша шырқалған әндер, қазақтың ұлттық нақышында орындалған термелер мен бишілердің композициялары жастарға рух беріп, ой салды. Осындай көрсетілім арқылы университет студенттеріне зор тәрбие бергені үшін Ұлттық ұландар ансамбліне ректор атынан ықылас гүлі табыс етілді.

18.03.2017