Kozybayev University & University of Arizona халықаралық кампусында сабақ беру үшін шетелден 3 зерттеуші келді. Бүгін кездесіп, одан әрі ынтымақтастық бағыттарын талқыладық. Осының арқасында студенттеріміз ой-өрістерін кеңейтіп, жаңа білім алуға, жетекші әлемдік ғалымдардың озық тәжірибелерін игеруге тамаша мүмкіндік алады.Дмитрий Берилло мен Андреа Зукколо биотехнология мамандығы бойынша қос диплом бағдарламасының студенттеріне сабақ өткізеді. Оқытушылар 3 жылға келіп отыр.Италиядан келген профессор- Андреа Зукколо. Оның еңбек жолы: итальяндық Пиза университеті, KAUST университеті (Сауд Арабиясы). Ол 6 жылдан астам Аризона университетінде (АҚШ) постдокторант ретінде жұмыс істеді, кейін Аризона геномика Институтында биоинформатика талдау тобын басқарды. Профессор Зукколо ғалымдарымызбен бірге ғылыммен де айналысатын болады. Ғылыми қызығушылықтары: геномика мен биоинформатика бағыттарын қамтиды.
«Ғылыми қызығушылықтарыммен айналысуды жалғастырамын. Аймақтарыңыздың мүддесіне қызмет етуге тырысамын. Өйткені мұнда геномды ретке келтіруге, олардың қасиеттерін зерттеуге қызығушылық тудыратын өсімдіктердің эндемикалық түрлері бар. Білуімше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқардыңыздар, осыған орай менің тәжірибем осы мәселені шешуде өте пайдалы болады деп үміттенемін»,- деп өз жоспарларымен бөлісті Андреа Зукколо.
Сонымен қатар, доцент және PhD доктор Дмитрий Берилло біздің студенттерге биотехнологиядан сабақ береді. Оның ғылыми- педагогикалық салада 14 жылдан астам қызмет өтілі бар. ҚР 9 патентінің авторы. Зерттеулерінің негізгі бағыты әртүрлі тіндік инженерия тапсырмаларында сәтті қолдануға болатын ковалентті емес макрокеуекті гидрогельдерді әзірлеу болып табылады. Профессор Бериллоның әртүрлі синтетикалық және табиғи полимерлерге негізделген криогельдерді жасаудағы үлкен тәжірибесі, регенеративті медицинаның әртүрлі мәселелерін шешуге көмектеседі. Импакт-факторы бар халықаралық журналдарда 75-тен астам ғылыми жарияланымдары бар, Хирш индексі-24 (Google Scholar).
Университетіміздегі әріптестермен маңызды ғылыми жобаларды жүзеге асыратынына сенімдімін. Оқу ордамыздың базасында Қытайдың Солтүстік-Батыс және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп ашылған Агроқұзыреттілік орталығына өсімдік геномикасы бойынша маманданған, болашағы зор биоинформатика ғалымы Сәуле Муссорова жұмысқа қабылданды. Ол «Болашақ» және «Талап» стипендиясының иегері. Лондон Университеттік колледжде және Шығыс Англияның университетінде (Ұлыбритания) оқыды. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясы, KAUST университетінде өсімдіктану бойынша PhD дәрежесін алуда. Оның мол кәсіби тәжірибесі бар. Ғалым әртүрлі ғылыми мекемелерде қызмет жасады, соның ішінде Астана ұлттық зертханасында және Saudi Aramco-да тағылымдамадан өтті.