Үлкен өмірге қадам

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлектері үлкен өмірге қадам басты. Ағымдағы апта бойы оқу ордасын тәмамдаған 890 саңлақ көптен күткен дипломдарын қолдарына алып, бакалавр атанды.

Төрт жыл бойы көздің майын тамызып, білім айдынында жүзген студенттер үшін бұл көптен күткен сәт. Бір апта бойы СҚМУ-ды тәмамдаушы түлектерге диплом табыстау салтанаттары өтті. Бірінші болып университет үлкен өмірге Жаратылыстану және ауыл шаруашылық ғылымдары факультетінің түлектерін аттандырды. Енді толыққанды маман иелерін көптен күткен дипломдарымен стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі университет проректоры Айдос Мұқатаев құттықтап, сәт сапар тіледі. «Әр адам өмір сүру барысында белгілі бір белестерді бағындырып, асулардан асады. Бүгін сіздер белгілікті маман иелері атанып, үлкен асудан асып отырсыздар. Сіздер үшін бұл аса толқынышты сәт. Жоғарғы оқу орнын тәмамдауларыңызбен шын жүректен құттықтай отыра, сіздерге сәтті сапар тілеймін», - деді өз сөзінде Айдос Ағдарбекұлы

Ағымдағы апта көлемінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ақпараттық жүйелер, тарих экономика және құқық, инженерлік-техникалық, педагогикалық факультеттер мен тіл және әдебиет институты түлектерінің қолдарына көптен күткен дипломдары тиді. Ең алдымен төрт жыл бойы тек беске оқып, оқуын үздік тәмамдаған саңлақтарға қызыл дипломдар табысталды. Олардың саны биыл 259. Жалпы алсақ, ағымдағы жылы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың қабырғасынан барлығы 890 түлек ұшып, бакалавр дәрежесін алды.

«Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Қызыл диплом алдым. Өзімнің туған туысқандарыма, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма алғысымды жеткіземін. Болашаққа үлкен жоспарларым бар. Қазақстанның ойы ұшқыр, қаламы үшкір, белгілі журналисі болсам деймін», - дейді өз сөзінде «Журналистика» кафедрасының түлегі Айжан Жұрнаш.

Айта кететін жәйт, диплом табыстау салтанаттарының бәрінде университет өміріне және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, оқуда жетістіктерге жетіп, өзін жақсы қырынан көрсете білген кешегі студент, бүгінгі жас мамандар ректордың, факультет декандарының грамоталарымен марапатталды. Үздік түлектерді тәрбиелеген ата-аналар да ұмыт қалған жоқ. Оларға арнайы алғыс хаттар табысталды.

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектері екі қолға бір күрек табудан қиналған емес. Мәселен, өткен жылы біздің түлектердің 86%-ы жұмыспен қамтылған. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Себебі оқу ордамыз тек бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайды. Түлектер үшін 4 жыл ішінде екінші үйге айналған университет қабырғасымен қоштасу қаншалықты қиын болса, соншалықты қуанышты. Себебі алда оларды үлкен өмір күтіп тұр. Оқу ордасында жинаған кәсіби білімдерін түлектеріміз алдағы уақытта ұтымды пайдаланып, жоғарғы санатты маман иелері атанады деп сенеміз. Кафедра меңгерушілері де, оқытушылар да, ата-аналар да бітірушілерге осыны тілейді.

01.07.2017