"Денсаулық сақтау" бағытының білім беру бағдарламаларын таңдаған талапкерлерге

2019 жылдан бастап "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" білім беру саласындағы мамандықтарға түсуші талапкерлер арнайы емтихан тапсырады, оны жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қабылдайды.

Қозыбаев атындағы СҚМУ мамандықтар тізімі:

  • 6В10101 Жалпы медицина
  • 6B10102 Фармация

Арнайы емтиханды тапсыру үшін өтініштерді қабылдау 20 маусымнан 7 шілдесіне* дейін жүргізіледі.

8-13 шілде* аралығында арнайы емтихан өткізіледі.

*нақты мерзімдер ҚР БҒМ бұйрығымен анықталады

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" білім беру саласындағы мамандықтарға оқуға түсетін тұлғалар арнайы және/немесе шығармашылық емтихандарды тапсыру үшін қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды ұсынады:

1) жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжат (түпнұсқа);

2) 3x4 сантиметр көлеміндегі 2 фотосурет;

3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

4) ҰБТ сертификаты (бар болса).

Арнайы емтиханды өткізу түрі: психометриялық емтихан.

ПСИХОМЕТРИЯЛЫҚ ТЕСТ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" білім беру саласы бойынша оқуға түсушілерге арналған  арнайы емтихан "рұқсат беру" немесе "рұқсат бермеу" нысанында бағаланады.

Талапкерді арнайы емтихан өткізілетін аудиториясына жіберу, жеке басын куәландыратын құжатты және құжаттарды қабылдау туралы қолхатты көрсеткен кезде ғана жүзеге асырылады.

Арнайы емтихан басталғанға дейін талапкерлерге емтихан материалдары беріледі және титулдық парақтарды ресімдеу тәртібі түсіндіріледі, сондай-ақ арнайы және/немесе шығармашылық емтиханның басталу және аяқталу уақыты, нәтижелерді жариялау және апелляцияны өткізу уақыты мен орны көрсетіледі.

Арнайы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу кезінде талапкерлер келесі талаптарды сақтайды:

  • тыныштық сақтау және өз бетінше жұмыс істеу, емтихан алушылармен және басқа талапкерлермен сөйлеспеу;
  • емтихан материалдарымен алмаспау, көшірмеу, оқулықтарды, басқа да әдістемелік әдебиеттерді, мобильді байланыс құралдарын аудиторияға алып келмеу және пайдаланбау;
  • аудиторияда жүрмеу, басқа орынға ауыспау;
  • емтихан алушының рұқсатынсыз арнайы немесе шығармашылық емтихан аяқталғанға дейін емтихан өткізілген аудиториядан шықпау.

Арнайы емтиханның нәтижелері емтихан өткізілген күні белгілі болады.

Апелляциялық комиссиялар арнаулы немесе шығармашылық емтиханның нәтижелерімен келіспеген адамдардың өтініштерін қарау үшін құрылады.

Апелляцияға өтінішті апелляциялық комиссия төрағасының атына арнайы немесе шығармашылық емтихан тапсырған адамның өзі береді.  Өтініштер арнайы немесе шығармашылық емтихан нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссия оларды бір күн ішінде қарайды.

Рұқсат берілген жағдайда талапкерлер білім беру грантын тағайындауға арналған байқауға немесе ақылы негізде ЖОО-ға қабылдау байқауына қатысу үшін "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" білім беру саласындағы мамандықтарды таңдау құқығына ие.

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" білім беру саласындағы мамандықтарға жіберілмеген жағдайда талапкерлер таңдаған пәніне сәйкес басқа мамандықтар бойынша білім беру грантын беру жөніндегі байқауға қатысу құқығына ие.

Арнайы емтихандардың нәтижелері бойынша оқуға түсушіге қабылдау орны бойынша, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына ұсыну үшін рұқсат беру ведомосынан үзінді беріледі.