«Бір ел – бір кітап» акциясы

Акция туралы ереже

Оқу адамзаттың жан-жақты да белсенді болуына ықпал ететінін және жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуындағы маңызды функцияны атқаратынын мойындай отырып, қоғамды дамытудағы басым міндеттердің бірі ретінде оқуды қолдауды қарастыра келе, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел – бір кітап» акциясын жыл сайын жүзеге асыруды ұсынады.

1. Жалпы ережелер

1.1 Осы Ереже «Бір ел – бір кітап» акциясын өткізу тәртібін, мәртебесі мен мақсат-міндеттерін айқындайды.

1.2 Акция мекемесіне жататындар:

  • ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
  • ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
  • ҚР Кітапханашылар ассоциациясы

1.3. Акцияның мақсаты: оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық қатынас.

1.4. Міндеттері:

  • ұлттық әдебиеттерге деген оқырмандардың қызығушылығын арттыру және қолдау көрсету;
  • мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды, оқу ісіне қатысы бар басқа да мамандарды оқу мәселесіне тарту;
  • ықтимал оқырмандарды тарту;
  • баспагерлер ұйымының қазақстандық авторлар кітабын басып шығаруға деген қызығушылығын арттыру;
  • әлемдік әдеби процесске қазақстандық авторларды да ықпалдастыру.

1.5. Акция мазмұны: Бүкіл елдің бір кітапты бір мерзімде оқып шығуы және талқылауы. Осы кітапқа арнап, түрлі іс-шаралардың өткізілуі.

Акцияны өткізу үшін ауызша сұрау, телефон арқылы сұрау немесе сауалнама жүргізу арқылы оқу орындарындағы, ұйымдардардағы, мекемелердегі азаматтардың ұсыныстарын білу жолымен кітап таңдалады.

1.6. Акцияға қатысу үшін қаралатын кітаптар:

а) ұлттық гуманизм идеялары мен жалпы азаматтықты, тарихи-мәдени дәстүрлерді, тарихи тамырластық пен осы заманғы еліміздің дамуын бейнелейтін;

б) жанрлық жағынан сан алуан;

в) көркемдік құны жоғары;

г) барлық жастағылар үшін қызықты;

д) кітапханалар мен кітап дүкендерінде саны жеткілікті;

е) пікір сайыстыруға ынталылық тудыратындай.

Акцияға қатысу үшін БАҚ және телекомпаниялар мен радиостанциялардың, басылымдардың жеке тілшілері, сондай-ақ басқа да шығармашылық бірлестіктер мен жеке тұлғалар шақырылады.

2. Акцияға әзірлік пен оны өткізу жетекшілігі

2.1.Акцияны өткізу мен әзірлеу үшін Қазақстанға танымал жазушылардан, ғалымдардан және қоғам қайраткерлерінен тұратын ұйымдастыру комитеті құрылады.

2.2. Ұйымдастыру комитеті:

· акцияны өткізу үлгісін, мерзімі мен тәртібін анықтайды;

· акция үшін таңдалған кітапты бекітеді;

· акция нәтижелерін бекітеді;

· БАҚ арнап хабарлама дайындайды.

2.3. Акция шаралары ұйымдастыру комитеті белгілеген күні өткізіледі.

2.4. Ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру үшін акцияны өткізумен және оны әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылады.

3. Акцияға қатысу тәртібі

3.1. Акцияға жеке және ұжым болып қатысуға болады.

3.2. Акцияға Қазақстанның барлық тұрғындары, барлық оқу орындары, кез келген ұйымдар мен мекемелер қатыса алады.

3.3. Акцияға қатысуды қалағандар, ол жайында ұйымдастыру комитетіне пошта, телефон, электронды пошта арқылы хабарласуға тиіс.

3.4. Акция барысында өткізілетін шара түрлері сан алуан болуы мүмкін:

Сынып сағаттары, әдеби кештер, талқылау, кітап жайлы көрсетілімдер мен талқылаулар, жазушылармен, актерлармен кездесулер, телемарафондар, клуб отырыстары, инсценировкалар, спектакльдер және т.б..

4. Өткізілу уақыты

4.1. Акцияны өткізу мен әзірлік науқаны акция туралы жариялаған күннен басталады. Дайындық кезеңінде акцияны өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар – плакаттар, кітап туралы буклеттер, үнпарақтар шығарылады.

4.2. Акцияны өткізу уақыты - 24 – 30 қыркүйек 2014 жыл.

5. Қорытындылау

5.1. Акция қорытындысын жіберілген материалдар бойынша ұйымдастыру комитеті шығарады.

5.2. Қорытындылау үшін қабылданатын материалдар:

- іс-шараларды сипаттау;

- видео және фотоматериалдар;

- мультимедиалық материалдар;

- АҚРҰАК, ҚРКА сайттарына берілген ақпараттық мақалалар.

5.3. Акцияны өткізу нәтижелерін қорытындылауда баяндалуға тиістілер: Қатысушылар саны, Акцияға қатысу тәсілі, барынша ат салысқан аймақтарды, қалаларды, ауылдарды атау, Акцияны ұйымдастыруда кітапханалардың ролін бағалау.

5.4. Аяқтау кезінде Акцияның ең белсенді қатысушылары анықталады және қорытындысы шығарылады.

5.2. Қорытынды хабарлама ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы сайттарында жарияланады.

Акция тарихы 

Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.

Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды.

«Бір кітап, бір Чикаго» (One book, one Chicago) бағдарламасы Чикаго жұртшылығына белсенді ықпал ету арқылы Чикаго көпшілік кітапханасында басталды. Оның негізгі мақсаты қаланың ересек тұрғындары мен жастарын бір кітапты бір уақытта оқуға және оны ұжым болып - отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу мекемелерінде, кітап дүкендерінде, діни ұйымдарда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандыру болып табылады. Бұл - қаланың кенеттен кітапсүйерлер клубына тән өзгерістермен құбылатын күні.

2000 жылдың қазан айында Чикаго қаласында «Чикагода кітаптар апталығы: Оқуға құмар қала» тақырыбымен тұңғыш рет қалалық фестиваль өтті. Осы фестиваль аясында қоғамдық талқылаумен және авторлар баяндамаларымен бірге кітап тұсаукесерлері, сондай-ақ семинар, экскурсия секілді басқа да шаралар ұйымдастырылды. 7 апта бойы Чикагоның он мыңдаған халқына ауқымды іс жүргізіліп болған соң, Пулитцеров сыйлығына лайық деп танылған американ жазушысы Харпер Лидің (1926 ж.) «Убить пересмешника» (1960 ж.) атты романы талқылауға түсті. Кітап авторы бүкіл әлем мен осы замандық Чикаго үшін өзекті болған толеранттық және нәсілшілдік сияқты маңызды мәселелерді алға тартады.

Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған (Испания, Латын Америкасы елдері және Корея т.б.). «Сто лет одиночества» романының авторы Габриэль Гарсиа Маркестің 80 жылдығына арнап Испанияда оқу марафоны өткен еді. Қалаушылар романды бірнеше күн бойы үздіксіз дауыстап оқыды. Осы марафонды Испания Үкіметі басшысының орынбасары Мария-Тереса Фернандес де ла Вега ашты. Бұдан дәл 40 жыл бұрын жарыққа шыққан романды 7 бетке сыйғызып айту үшін әрбір қатысушыға 15 минуттан уақыт бөлінді.

2003 жылы Кореяда бірлесе оқуға негізінен балалар кітабы таңдалды. Бұл жоба одан кейін «Бір кітапхана – бір кітап», «Бір ауыл – бір кітап» деген жобалар түрінде көрініс тапты.

«Жаппай оқу оқиғасы» жыл сайын Англияның оңтүстік-батысындағы тұрғындарды күйзелтуде. Бұл аталған облыстың барша халқы әр жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін бір кітап оқуды қолға ала бастады. 2006 жылы олар Жюля Вернаның «Вокруг света за 80 дней» атты кітабын оқыды.

«Бір ел-бір кітап» оқырмандар акциясы анықталды.

Дулат Бабатайұлы
            (1802-1874)

  "Дулат-бар ақындық қуатын ел-жұртының санасын өлеңмен оятуға ат салысқан тарихи тұлға".
                                                                 М.Әуезов

   Дулат Бабатайұлы – қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Ол 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында  дүниеге келген. Найманның Қаракерей табындағы Сыбанның Жарасқұл әулетінен шыққан. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашқан ол кейін шағатай, түрік тілдерін игереді. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан
   Дулат Бабатайұлы өзі өмір сүрген кезеңнің шындығын көркем бейнелеуде біраз табысқа жетті. Сол замандағы кері кеткен мәселелерді шеней отырып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады. Туған жер, адамның іс-әрекеті, мінез құлқы, тарих көші, кәсіп туралы әралуан тақырыпты арқау еткен оның қаламынан өткір сатира дәрежесіне дейін көтерілген туындылар туды. Кеңестік дәуір тұсында оның шығармалары біржақты қаралып, көркемдік-эстетикалық талап тұрғысынан әділ бағаланбады. Ескішіл, феодалдық қоғамның жыршысы ретінде тану – ақын шығармаларына берілген біржақты баға.
   Оның туындылары 1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» («Жазушы»), 1989 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрастырған екі томдық «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақын мұралары қайта зерттеліп, оның бұл уақытқа дейін жарияланбаған бір топ шығармалары жарық көрді. Дулат Бабатайұлының мұрасын жинау, оны ғылыми айналымға түсіру барысында Қ.Раевтың атқарған шаруасы қыруар. Ақын мұрасын жинақтап «Өсиетнама» (Ғылым, 2001 жылы) атты толық шығармалар жинағын шығарған ол «Дулат Бабатайұлы шығармаларының поэтикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады (2002). Игілікті бастама жалғасын тауып 200 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2002 жылы «Кеудем ақыл сарайы» («Ер-Дәулет») және академиктер З.Ахметов пен С.Қасқабасовтың басшылығымен 2003 жылы «Тұнық тұма» деген бір томдық жинағы, «Дулат Бабатайұлы» (Раритет, 2003) жинағы З.Серікқалиев пен Қ.Раевтың дайындауымен жарық көрді.
   Ақынның өмір сүрген кезі қазақ даласындағы хандық дәуірдің жойылып, патша өкіметінің отарлау саясаты кеңінен өріс ала бастаған шаққа тура келді. Бір жағынан патша өкіметінің, екінші жағынан аға сұлтандар мен би, болыстардың алым-салығы титықтатқан шақ бұқара халық үшін ең бір ауыр кезең болды. Осындай аумалы-төкпелі шақта өмір сүрген ақынның туындыларына сол тұстағы өмір шындығы арқау болды. Қазақтың бай ауыз әдебиетімен, ақын, жыраулардың көне мұраларымен сусындап өскен ақын өз заманындағы көзіқарақты, білімді адамдардың бірі болды. Сарыарқадағы аты шулы ақындардың қатарынан орын алып, аузының дуалылығымен ел құрметіне бөленген ол 1874 жылы дүниеден өтті (1965, 1989 жылы жоғарыда аталған жинақтарда ақынның туған жылы дұрыс көрсетілген де, өмірден қайтқан уақыты жаңсақ берілген ).
   Сөз қадірін түсінген ақын қаламынан үлкен әлеуметтік мәселелерді көтерген туындылар туды. Оның «Қазақ деген ғаріп жұрт», «Тырнақтай меңі болған соң», «Тегімді менің сұрасаң», «Ал қарағай сұлу сындардай», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Асқар таудың сәні жоқ», «Ақжайлау мен Сандықтас», «Ата қоныс Арқадан», «Сөзім барда, көзім жоқ» деп аталатын толғауларында сол тұстағы шен-шекпен үшін елі мен жерін сатқан қуларды қатты шеней отырып, олардың іс-әрекеттерін әшкерелейді. Ақын поэзиясының негізгі кредосы – ел бірлігі. Ол елі мен жерінің тұтастығын барлық толғауларына арқау ете білді. Ата қонысы болған Ақжайлау мен Сандықтас туралы ақын толғауында «Атам қонған кең далам, Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен қай балаң?» деп өзінің туған жерге деген ыстық сезімін білдіре отырып, қазақ халқының кешегі жайма шуақ өмірін аңсайды. Ата-бабаның қонысы ендігі жерде кімнің қолына көшкелі тұрғаны да ақынды бей-жай қалдыра алмайды. Ол шығармаларына негізінен жеке бастың қамын емес, елдің, жердің мүддесін арқау еткен.  «Балық басынан шіриді» деген халық даналығын  ақын ел билеушілерді шеней отырып, қайта жаңғыртады. «Қайырсыз байдан пайда жоқ, Нашарға жәрдем бермесе, Кем-кетікті көрмесе» деген ақын малды жандардан қайырымды  болуды талап етсе, «Би мен бектің сәні жоқ, Елін қорғай алмаса» деп би, болыстарды бұқара халықтың қамын ойлауға шақырады. 
   Дулат шығармаларынан толғаудың  бірнеше түрін кездестіруге болады. Мәселен, оның «Тегімді менің сұрасаң» деп басталатын толғауында ақын өзінің шыққан тегін мақтан етуден аулақ, ол ата-тегін айта келеді де, өзінің сөз қадірін түсінетіндігін, жырмен ел жарасын жазуға көмектескендігін тілге тиек етеді. Ол «Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді» улы тілмен шеней отырып, «Меруерттей асыл сөзбен» қайғылыны уатып, «сусағанды суалтып, Шаршағанды қуантып», көздің жасын сейілтуге, санаға қуат беруге  көмектесетінін  білдіреді. Қулық-сұмдықтың көбейгендігін, әлдінің әлсізге тізе батырып момынның ақысын жейтіндігін заман дерті деп түсінген ақын ел билеген атқамінерлерді «Аға сұлтан, қазының, Ел сілкінді ісінен, Ауылдың атқа мінері, Жемтікке қонған күшіген» деп қатты шенейді. «Сөзім бар да, көзім жоқ» деген өлеңінде ақын өмірден көрген-білгендерін, жиған-тергендерін қорытындылай келіп, «Дүние – жемтік, мен – төбет» деген қорытынды жасайды. Ақынның толғауларынан тұрақты афоризмге айналған «Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай», «Толқынды теңіз заманнан Сенімді кеме болмаса, Жел қайықпен өтер ме?», «Жаршылардың шәйірі Асыл сөзді езбеген», «Қосылып алтын қорылмас Мырышпен, мыс, жезбенен», т.б. тіркестерді келтіруге болады. Оның «Сүлейменге», «О, Кеңесбай мырза, тыңда сөз», «О, Барақ жас, Барақ жас», «Ей, айтайын арнап Ешенге», «О, Ақтан жас, Ақтан жас», «Еспенбет» сынды жекелеген адамдарға арнаған толғаулары да бар. Бұлардың бәрінде де заманды, заман адамдарын сынау басым. Ақын Сүлейменге сол тұстағы орыс ұлығы мен би, болыстың ел ішіне салған ылаңын айта келіп, бекерге отыра бермей, ел үшін тірлік ет деген ақыл айтса, Кеңесбайдың әкесі мен арғы аталарының жетім-жесірге жасаған қамқорлығын, жасаған игілікті істерін тілге тиек ете келіп, оның өз басына ауысады. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, оның ата жолын қумай теріс жолға түскенін «Тұқымың дегдар болғанмен, Кеңесбай азғын туғансың» дей келеді де оның бойындағы мінін: Ыдысысың параның, Қотара құйса толмайтын. Ашылған әбден араның, Түйені жұтсаң түгімен, Биені жұтсаң бүгімен, Қақалмай бір-ақ толғайтын - деп шенейді. Енді бірде ел аралап, елді алдаған Ешеннің іс-әрекетін қатты сынға алған ақын Барақтың да бойындағы кемшіліктерін бетіне баса айтады. Оның да атадан қалған алтын таққа ие бола алмағанын, ата жолын ұстай алмағанын тілге тиек ете отырып: Рухына нәлет келтірдің, Қабың менен сабыңа, Бұзықты құрап ел етіп, Қондырдың оң жағыңа. Ұрыңа елді торытып, Өтірік дауды қорытып, Бүлдіре бер тағы да... - деп түйін жасайды. Ақын ел ішіндегі келеңсіздіктер мен кемшіліктердің себебін ел билеушілердің екіжүзді жылпостығынан, қарын қамын ойлаған бойкүйездігінен, қара басын күйттеген тоғышарлығынан деп түсіндіреді. «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңінде жетімдіктің тақсіретін көрген жас баланың болашағынан үміт күту бар. «Жапанға біткен жантақты» деген толғауында ақын өмірден көрген-білгендерінен түйін жасай келіп, баласына дұрыс жол сілтейді. Ал, «Еспенбет» – көркемдік желісі жағынан шағын дастан деуге боларлық туынды. Жарасқұл деген атадан туған Еспенбет жетім қалып нағашы жұртында өседі. «Ер туған жеріне» дегендей, оның бала кезінен арманы өз еліне жету болады. Еспенбет атқа қонып, етек-жеңін жинаған соң «Жігерім болса жетемде, Еліме барып ұл болам» деп нағашы атасынан рұқсат сұрап, өз еліне кетеді. Жылқы ішінен Ақбөртені таңдап мінуі, оның кейін жүйрік тұлпар болуы батырлық эпостардағы белгілі сюжеттерге сәйкес келеді. Еліне тайға мініп келген балаң жігіт үш жылдан соң-ақ жауға қарсы шапқанда батырлығымен көзге түседі. Ақтамберді Сарбасты жекпе-жекке шақырған жоңғар батырына Еспенбет қарсы шығып, оның басын қанжығасына байлайды. Дастандағы «Ақбөрте кетті құнтиып, Садақтан тартқан оқтай боп. Қанға сусап қалмақ тұр, Обатұғын оптай боп» деген жолдарда Еспенбеттің жан серігі мен қарсыласының көркем образы бейнелеген. Еспенбеттей батырлардың батырлығын дәріптеген дастанның негізгі идеясы – туған жер мен елді жаудан қорғау. Ол нағашы елінде өскен Еспенбеттің туған жеріне келіп, ерлік жасауын мақтан ете отырып, ел мен жердің қамын ойлайтын ерлерді мақтан тұтады. Бұл – ақынның Еспенбеттей батырларды аңсауынан туған туынды. Оның көркем сюжетке құрылған туындысының бірі – «Шаштараз». Бұл – ел арасына Ескендір Зұлқарнайынның басындағы мүйізі туралы тараған аңыздың негізінде жазылған мысал өлең. Осы қатарды оның аңыз желісіне құрылған «Бір патша» шығармасы толықтырса, мысал өлеңдер желісін кейінгі жылдары жарық көрген жинақтарға енген «Сарышымшық» пен «Қара қарға» байыта түскен. Адамның жас ерекшелігі туралы «Он бес деген жас қайда» толғауында ақын әрбір он жастың арасындағы айырмашылықты нақты заттық ұғымға теңеу арқылы бейнелей білген. Дулат Бабатайұлы – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі. Ол осы кезеңдегі қазақ поэзиясын мазмұн, түр жағынан байытып, көркемдік талап тұрғысынан жаңа биікке көтерді. Ауыздан-ауызға, атадан-балаға тарап келе жатқан аңыз әңгімелерді ақын қайта тірілтіп, оларға жан бітіріп оқырманға ұсынды. Ақын шығармаларының негізгі өзегі – ел бірлігі мен жер тұтастығы. Сол тұстағы өмір шындығын уытты да өткір тілмен шеней білген ақын шығармаларының қазақ әдебиетінен алар орны ерекше.

Әдебиеттер тізімі

Бабатайұлы Д. Тұнық тұма Өсиетнама: олеңдер мен дастандар (1кітап) Дулат жырау тағылымы: сын-зерттеу,көз-қарастар (2 кітап) / Д. Бабатайұлы. - Алматы : Раритет, 2002. - 288 б. - (Қазақ жыры)
Бабатайұлы Д. Замана сазы : Өлендер мен дасттандар / Д. Бабатайұлы. - Алматы : Жазушы, 1991. - 160 б. : суретті
Бабатайұлы Д. Шығармалары мен тағылымы. Өсиетнама : Өлеңдер мен дастандар. Сын-зерттеулер, көзқарас / Д. Бабатайұлы. - Алматы : Раритет, 2003. - 288 б.

Айтжан  Қ. Ерлік жыршысы : ақын Дулат Бабатайұлы / Қ. Айтжан  // Президент және халық. - 2012. - 3 ақпан.
Бекбосынов М. Дулат шығармаларындағы дін мәселесі / Бекбосынов М. // Мәдениет. - 2015. - №3. - б.56-57.
Бекбосынов М. Дулаты жырлатқан туған жер : ақын Дулат Бабатайұлы / Бекбосынов М // Түркістан. - 2011. - 30 маусым.
Елубаева Р. Дулат ақын поэзиясы: сатиралық портрет пен мінездеу / Елубаева Р // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2008. - 10. - б.111-118.
Иманбекова Л. Дулат Бабатайұлы - зар заман поэзиясының көрнекті өкілі : сабақ / Иманбекова Л // Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте. - 2011. - №11. - б.31-32.