Қайта және қосымша тестілеу

Белгіленген шекті балды алмаған ҰБТ және кешенді тестілеу қатысушылары үшін, нәтижелері жойылған қатысушылар үшін және ҰБТ-ға және кешенді тестілеуге қатыспаған адамдар үшін жоғары оқу орнына ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ қайта өткізіледі.

Қайта тестілеуге қатысу үшін өтініш 1-8 тамыз аралығында қабылданады, 19-24 тамыз аралығында ҰБТ және КТ қайта тапсырылады.

Қайта тестілеуге қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:

  • белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
  • жалпы орта (орта жалпы) немесе техникалық және кәсіптік (бастауыш немесе орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) білім туралы құжат (түпнұсқа);
  • тестілеуді өткізу үшін ақы төлегені туралы түбіртек;
  • 3х4 көлеміндегі екі фотосурет;
  • 086-У үлгісіндегі медициналық анықтама;
  • жеке куәлік көшірмесі;
  • ҰБТ немесе КТ сертификаты (бар болған жағдайда).

Қайта тестілеу қорытындысы бойынша белгіленген шекті балды алмаған талапкерлер жоғары оқу орнына күндізгі оқу үлгісі бойынша бірінші академиялық кезең аяқталғанға дейін ақылы негізде қабылдану мүмкіндігіне ие.

Жоғары оқу орнына қабылдау үшін адамдар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына қабылдау туралы өтінішпен бірге жалпы орта (орта жалпы) немесе техникалық және кәсіптік (бастауыш немесе орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) білімі туралы құжатын (түпнұсқа), 3х4 көлеміндегі 6 фотосуретін, 086-У нысанындағы  медициналық анықтаманы, қайта кешенді тестілеу сертификатын қоса береді. 

Бірінші академиялық кезең аяқталған соң аталмыш адамдар санаты 20-24 қаңтар аралығында қайта тест тапсырады. Тестіні табысты тапсырған жағдайда оқылған пәндер бойынша меңгерілген кредиттер қайта есептеле отыра, ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылданады.

Қосымша кешенді тестілеуге қатысу үшін тиісті адамдар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, тестілеуді өткізу үшін ақы төлегені туралы түбіртек тапсырады.

Қосымша кешенді тестілеу нәтижелері бойынша осы белгіленген шекті балды алған адамдар жоғары оқу орны басшысының атына ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылдау туралы өтініш береді. Өтінішке қосымша кешенді тестілеу сертификаты мен уәкілетті тұлғаның қолы қойылған және мөрмен бекітілген транскрипт көшірмесі қоса беріледі.