Шығармашылық мамандықтарға түсуші талапкерлерге

Шығармашылық мамандықтарға түсетін адамдар үшін тестілеудің мынадай екі пәні бойынша балдар ескеріледі: мемлекеттік немесе орыс тілі (оқу тілі), Қазақстан тарихы.

ЖОО қабылдау комиссиясы 20 маусым және 7 шілде аралығында шығармашылық мамандықтар үшін, 8-13 шілде аралығында арнаулы (шығармашылық) емтихандар тапсыру үшін өтініштер қабылдайды.

Шығармашылық мамандықтарға түсушілер 2 шығармашылық емтихан тапсырады. Шығармашылық емтихан бойынша максималды ұпай саны - 25. Шығармашылық емтихан бойынша 10 балдан төмен алған немесе емтиханға келмеген адамдар осы мамандыққа түсу үшін кешенді тестілеуге ағымдағы жылы жіберілмейді.

Шығармашылық емтихан өткізу үлгілері:

Код

Мамандық атауы

Бірінші шығармашылық емтихан

Екінші шығармашылық емтихан

5В010400

Бастапқы әскери дайындық

Спорт түрлері бойынша нормативтер

Спорт ойындары

5В010600

Музыкалық білім

Орындаушылық шеберлігі

Жалпы музыкалық қабілет ұсыну

5В010800

Дене шынықтыру және спорт

Мамандық бойынша нормативтер

Жалпы дене дайындығы бойынша нормативтер

5В042100

Дизайн

Сурет салу

Сызу

5В050400

Журналистика

Шығарма жазу

Кәісби жарамдылықты айқындау үшін әңгімелесу

5В090600

Мәдени-тынығу жұмысы

Орындаушылық шебюерлігі

Ұйымдастырушылық-қойылым жұмысының негіздері

Талапкер арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандар өткізу аудиториясына жеке басын куәландыратын құжатты және құжаттарын қабылдағаны туралы қолхатты көрсеткенде жіберіледі.

Арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандар басталғанға дейін талапкерлерге емтихан материалдары беріледі және титулдық парақтарды ресімдеу тәртібі түсіндіріледі, сондай-ақ арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандардың басталу және аяқталу уақыттары, нәтижелерді жариялаудың және апелляция өткізудің уақыты мен орны көрсетіледі.

Арнаулы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу кезінде талапкерлер мынадай талаптарды сақтайды:

  • тыныштық сақтау және өз бетінше жұмыс істеу, емтихан алушымен және басқа талапкерлермен сөйлеспеу;
  • емтихан материалдарымен алмаспау, көшірмеу, аудиторияға оқулықтарды, басқа да әдістемелік әдебиеттерді, мобильді байланыс құралдарын кіргізбеу және қолданбау;
  • аудиторияда жүрмеу, басқа орынға отырмау;
  • арнаулы немесе шығармашылық емтихандар аяқталғанға дейін емтихан алушының рұқсатынсыз емтихан аудиториясынан шықпау.

Арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандардың нәтижелері емтихан өткен күні ілінеді.

Апелляциялық комиссиялар арнаулы немесе шығармашылық емтихандардың нәтижелерімен келіспейтін адамдардың өтініштерін қарастыру үшін құрылады. 

Апелляцияға өтінішті аппеляциялық комиссия төрағасының атына арнаулы немесе шығармашылық емтиханды тапсырушы адам жеке береді. Өтініш арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданады және оны апелляциялық комиссия бір күн ішінде қарастырады.

Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер бір мамандық бойынша білім беру грантын алу үшін байқауға қатысады және шығармашылық емтихандарды тапсырған жоғары оқу орнын көрсетеді.